KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
«ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ» ПӘНІ АРҚЫЛЫ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ОҚУ ОРЫНДАРЫ СТУДЕНТТЕРІНІҢ КОММУНИКАТИВТІК ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ДАМЫТУ
«ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ»  ПӘНІ АРҚЫЛЫ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ  ОҚУ ОРЫНДАРЫ СТУДЕНТТЕРІНІҢ КОММУНИКАТИВТІК  ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН  ДАМЫТУ
08 июля 2015    Автор / «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Шалгынбаева Зафура Кадыровна

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері  негізінде жеке тұлғаны дамытуға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» деп атап көрсетілген. Аталған міндетттерді жүзеге асыру үшін оқытудың жаңа технологияларын енгізу және тиімді пайдалану секілді мәселелерді анықтап алу, білім беру жүйесіндегі басты ұстаным ретінде әркім өзінің білім алуға деген жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді көздейді.

Қоғамның кәсіптік педагогикалық білімді мамандарға қоятын талаптары қазіргі таңда күрделене түсуде. Жаңа қоғам мұғалімі – ол рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, жан-жақты білімді, кәсіби құзыретті, өзінің  теориялық білімін тәжірибеде әр түрлі педагогикалық технологиялармен жүзеге асыра  алатын   кәсіби шебер болуы қажет.

Сапалы білім алған, танымдылығы жоғары, құзыретті, бәсекелестіктің қайсыбір мықты тегеурініне төтеп бере алатын оқушылар ғана болашақтың кілтін аша алады.Еліміздің жаһандық дүниеде даралануы білімді, жігерлі, ұлттық санасы рухани бай жас ұрпақ  арқылы іске асады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Білім және кәсіби машық - заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Бәсекеге қабілетті дамыған мемелекет болу үшін біз сауаттылығы  жоғары елге айналуымыз керек. Барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет», -  деп атап көрсетті. 

Қазіргі қоғамдық өзгерістердің қарқынды дамуы жаңа заман талабына сай сапалы студенттерді даярлауды қажет етіп отыр. Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны студенттері үнемі өзгеріп отыратын әлеуметтік-экономикалық үдерістерді талдай білуге, нарықтық бәсеке жағдайына лайықты шешімдер қабылдап, жүзеге асыра алатын болуы тиіс.

Осыған орай, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны студенттерінің бойында өзара мәдениетті қарым-қатынас нормаларын игертуді қамтитын коммуникативтік құзыреттілікті дамыту басым бағыттардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны студенттерінің коммуникативтік құзыреттілігін дамытуды «Өзін-өзі тану» пәнін  оқыту арқылы іске асыру қазіргі оқу орындарына қойылатын негізгі талаптардың бірі.

Демек, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны  студенттерінің білім алу құзыреттілігі колледжде ғана емес, отбасында, достары арасында, болашақ өндірістік қарым-қатынастарында көп функционалды метапәндік рөл атқаратын болады.

Мәселен, «құзыреттілік» түсінігі өзіне когнитивтік, операциялық-технологиялық ғана емес, мотивациялық, этикалық, әлеуметтік және мінез-құлықтық құраушыларды да біріктіреді.

Құзыреттіліктің мағыналық түсінігін кең тұрғыда анықтау, оны оқыту нәтижесі сапасында өлшеу мен бағалауды айтарлықтай қиындатады.

Жалпы білім беруге құзыреттілік тәсілді ұстану студенттер құзыреттілігінің жоғарыда ұсынылған түрде қарастырылуы оларды өлшеу мен бағалаудың өте күрделілігі туралы барлық зерттеушілердің пікірлерінің дұрыстығына дәлел бола алады. Сонымен бірге, құзыреттілік бағасын адамның жалпы мәдениеті, оның тәрбиелілігі бағасымен сәйкестендіре қою оны ізгілендіру және білім беру сапасын көтеруге байланысты мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.

Алайда, оқу үдерісін мүмкіндігінше сапалы жетілдіру, білім беру мен тәрбиелеу үдерісінде арнайы әдіс-тәсілдерді тиімді ұйымдастыруға байланысты. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны студенттерінің коммуникативтік құзыреттілігін дамыту үшін  «Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда заманауи білім беру технологияларын пайдалану арқылы іске асыру колледж студенттерінің ғылыми-танымының қалыптасуына, олардың ойлау мүмкіндіктерінің дамуына, мамандыққа даярлығын жетілдіруге үлкен септігін тигізеді.

Соңғы жылдары мамандар  оқу орнын бітірушілердің  өзін-өзі тануды   жеткілікті коммуникативтік құзыреттілік деңгейінде меңгеруі үшін атсалысып жүр. Бірақ, тұжырымдамалық тұрғыдан айқындалған оқыту әдістемесін талдау негізінде техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны білім алушылырының  «Өзін-өзі тану» пәні арқылы коммуникативтік құзыреттіліктерін дамыту деңгейінің қазіргі қоғам талабына сай емес екендігі анықталуда. Білім беру стандарттарында көрсетілген құзыреттіліктерді дамыту талаптарында «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың  жаңа парадигмасын игеру  қарастырылған.

Құзыреттілік ұғымы «білім», «білік» және «дағды» сияқты ұғымдарды қамтиды. «Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда құзыреттілік оқыту нәтижесін ғана емес, сонымен бірге ол білім алушылардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі мен жалпыадмзаттық құндылық бағдарларының жүйесін де көрсетеді. Құзыреттілік – бұл алынған білімдер мен біліктерді іс-жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір теориялық және тәжірибелік  мәселелерді шешуге  қолдана  алу қабілеттілігі.

Құзіреттілік бірінші орынға білім алушының  ақпаратты сауаттылығын емес, оның мәселені дұрыс шеше білу қасиетін қояды.

Сондайақ, құзыреттілік білім алушының хабардарлығын емес, нақты құбылыстарды танып білу мен түсіндіруде; қазіргі заманғы инновациялық технологияны игеруде; практикалық өмірде; мамандық таңдау кезінде өзінің кәсіби білім алуға дайындығын бағалауда; еңбек нарығын бағдарлауға; өмірден өз орнын анықтауға; өмір салтын ұстануға; дұрыс әрекет жасауға; келеңсіз жағдайлардан туындайтын өмірлік мәні бар мәселелерді шешу біліктілігін шығарады.

Осыған орай, білім алушылардың  құзіреттілік деңгейін көтеру мәселелері туралы: Н.Хомский, Р.Уайт, Дж. Равен, Н.В.Кузьмина, А.К.Маркова, Т.А.Гудкова, Л.Н. Паламарчук, М. Жадрина, Т.А.Степанов, К.Г.Митрофанов, В.Шепель, И.А. Зимняя, Б. Кенжебеков, Г.Ниязова, К.М.Арапова, Б.Т.Барсай  және т.б. еңбектерінде жан-жақты талқыланған.

Аталған жұмыстар, еліміздің техникалық және кәсіптік білім беретін оқу  орындарында білім алушылардың кәсіби құзыреттіліктерін  қалыптастырудың теориялық және әдістемелік негіздерін айқындауға  негіз бола алады.  Мәселен, «құзыреттілік» терминін ХХ ғасырдың ортасында Н. Хомский енгізген болатын, алғашында ол ана тілінде нақты тілдік қызметті орындау үшін қажет қабілеттіктер деген түсінік  берді.

«Құзыреттілік» түсінігі білім беру саласында 1960-1970 жылдардағы шетел әдебиеттерінде, ал 1980 жылдардың соңында отандық әдебиеттерде кездесті. «Кәсіби құзыреттілік, жете білушілік» ұғымын енгізудің қажеттілігі оның мазмұнының кеңдігімен, интегративтік сипатымен, «кәсіптілік», «біліктілік», «кәсіби мүмкіндіктер» және т.б. түсініктерді біріктіреді.

«Құзыреттілік» ұғымы бүгінгі күні оқыту үдерісінде білімді қолданудың ақырғы нәтижесі ретінде қарастырылуда. Оқыту үдерісінде «құзыреттілік» ұғымы студенттердің білімі мен тәжірибесін, дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдануы. Оқыту үдерісіндегі құзыреттіліктерге ғалымдар әртүрлі анықтамалар берген.

Д.И.Ушаковтың редакциясымен жарық көрген түсіндірме сөздіктің авторлары «құзыреттілік»  және «құзырет» сөздерінің арасындағы айырмашылықтарды дәлелдеуге тырысқан. «Құзыреттілік» – хабардар болушылық, абыройлық; «құзырет» – жеке тұлғаның кәсіби қасиеті және қызметтік сипаттардың нақты жиынтығы. 

Ғалым С.М.Вешниякованың «Кәсіптік білім беру» сөздігінде: «Кәсіби құзыреттілік competenens - қабілетті, белгілі бір саланың тұлғаларының білімінің, білігінің, тәжірибесінің сәйкестігінің мөлшері»,- деген анықтама берілген.

Л. М. Митина «құзыреттілік» ұғымына «білім, дағды, білік, сонымен қатар тәжірибеде, тілдесімде, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуда қолданатын тәсілдері»,- деген анықтама береді.

Г.Ж. Ниязованың  зерттеу жұмысында «құзыреттілік» ұғымына «Білім беру құзырлары - бұл студенттің мағыналық бағдарлары, білімдері, біліктіліктері мен тұлғалық және әлеуметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына қажетті нақты анықталған объектілер шеңберіне қатысты тәжірибелерінің жиынтығы»,- деп анықтама береді.

Б. Т. Кенжебеков  құзыреттілік жөнінде: «Құзыреттіліктің бар-жоғын адам еңбегiнiң нәтижесiне қарап пайымдау кажет. Кез - келген қызметкер, өз әрекетiмен кәсiби iс-әрекеттiң түпкi нәтижесiне сай талаптарға жауап беретiн жұмыстарды орындаса ғана, кәсiби кұзыреттi болып саналады» - деп анықтама береді.

«Құзырлылық» ұғымы жайлы Құдайбергенова К.С. «Құзырлылық табиғаты - тұлғаның өзіндік дамуында» атты еңбегінде былай деп көрсетті: «Құзырлылық ұғымы соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым.  Құзырлылықтың латын тілінен аудармасы «competense» белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді» десе, бұл жайлы Б.А.Тұрғынбаева «Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту» еңбегінде «...өзінің практикалық әрекет арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуын – құзырлылықтар деп атаймыз» деп анықтаса, ресей ғалымы Н.В. Кузминаның көзқарасы бойынша «Құзырлылық дегеніміз – педагогтың басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлылығы дейді».

Қазақстан Республиксының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында білім берудің негізгі міндеті – білімдік шоғырландырудан нәтижеге бағытталған құзыреттілік тұғырға көшу.

Құзыреттілік тұғыры бойынша білім беру прагматикалық сипатта болады және мыналарға бағытталады: тәжірибеден пайдалыны ала білу; өзінің алған білімінің өзара байланысын ұйымдастыра білу және оны ретке келтіре алуы; өзінің алдындағы міндеттерін өздігімен шеше алу біліктілігі.

Білім алушылардың  коммуникативтік құзыреттілікті дамытуға  бағытталған әдістермен жұмыс істеу барысында коммуникативтік дағдылары қалыптасып, қарым-қатынаста өзгені үғыну мүмкіншіліктері артты, өздігінен ізденіп ой қорытуға деген қызығушылықтары оянды, әр түрлі педагогикалық жағдаяаттарды талдау мен оны  тәжірибеде  қолдану іскерліктерін  меңгерді.

«Өзін-өзі тану» пәнін  оқытудың негізінде педагогикалық үдеріске қатысушылардың өзіндік ізденушілігін қалыптастыру әдістемесінің нәтижесі анықталып және диалогтық қарым-қатынастарға негізделген топтық оқыту технологияларын  (топпен жұмыс, пікірталас, әңгімелесу, ашық ойлар сәті және т.б.) пайдалану, оң нәтиже берді.

Сонымен бірге  білім алушылардың  тұлғалық ерекшеліктерін, білімді игерудегі өзара қарым-қатынастарының сипатын, өзіндік ізденушілігін  анықтау үшін сауалнамалар, тестілеу жүргізіледі.

«Өзін-өзі тану» пәні арқылы студенттердің коммуникативтік құзыреттілігін дамыту үшін әр оқытушы өзіне тиімді әдіс-тәсіл мен технологияны қолдана алады.

Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары  студенттерінің коммуникативтік құзыреттілігін дамытудағы мақсат  «Өзін-өзі тану»  пәні арқылы ұйымдастырылған іс-әрекеттер сұхбаттасу, шығармашылық жұмыс жасау, оқу-танымдық әрекеттер барысында, кездескен қарама-қайшылықтарды жоюға мүмкіндіктер береді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.                  Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Алматы-2008.

2.                  Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана,  14 желтоқсан, 2012.

3.                  Білім туралы. ҚР 2007 шілдедегі № 319 -III Заңы. ҚР  –Астана, 2007.- 60б.

4.                  Кенжебеков Б.Т. Университет студенттерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың теориясы мен практикасы. (монография). – Астана, 2001. -275 б.

5.                  Құдайбергенова К.С. Құзырлық білім сапасының критерийі: әдіснамасы және ғылыми-теориялық негізі. –Алматы,2008, -328 б.

 

 

comments powered by Disqus