KZ

Главная страницаПедагогическая мысль
Нравственно-духовное образование "Самопознание" - инновационная образовательная программа
Нравственно-духовное образование "Самопознание" - инновационная образовательная программа
04 августа 2016   

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан Халқына Жолдауында мемлекет дамуының ғылыми негізделген моделі ұсынылған еді. Мемлекет іс-әрекетінің ғылыми негіздері мен басты бағыттарын айқындауда Жолдауға сүйену келешектегі білімнің басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Жолдауда Ел Президенті рухани саланы дамыту қажеттігін атап көрсетті: тәуелсіз Қазақстанның 22 жылында еліміздің іргетасы қаланып, Қазақстан халқын біріктіретін басты құндылықтары қалыптастырылды. Бұл әрбір қазақстандыққа қымбат құндылықтар. «Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар  –  уақыт сынынан өткен  Қазақстандық жолдың тәжірибесі.

Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы.

Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.

Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.

Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.

Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.

Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.

Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.

Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік» [1].

ҚР Президентінің Жолдауындағы келесі сөздер жіті назар аудартады: «ХХІ ғасырдағы дамыған мемлекет – бұл белсенді, білімді және дені сау азаматтар. Бұл үшін бізге не істеу қажет?» Осы қойылған сұраққа жауап беру кезінде, Нұрсұлтан Әбішұлы ең алдымен білім беру жүйесінің сапасы туралы айтады [1]. Еліміздің құндылық әлеуеті, оның өсуі мен дамуы білім беру жүйесімен, оның сапасын арттырумен және инновациялық оқу бағдарламаларын әзірлеумен тікелей байланысты.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы отандық білім берудегі инновация болып табылады. 10 жылдан астам уақыт ішінде  елімізде бағдарламаның теориялық және практикалық материалдарын апробациялау бойынша эксперимент жүргізілді. Бүгінгі таңда «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіне жаппай ендіру басталды.

«Өзін-өзі тану» тұжырымдамасына сәйкес білім берудің мақсаты - баланы жан-жақты тұтас дамыту болып табылады. Бұл мақсат өскелең ұрпақтың интеллектуалдық және рухани-адамгершілік әлеуеттерін үйлесімді дамыту міндеттерін жүктейді.

Күнделікті бақылау көрсеткендей, біз өз балаларымыздың танымдық мүмкіндіктерін дамытудың қамына белсене  кірісіп кеткен сияқтымыз. Біз балаларымыздың ақпараттық технологияларды жақсы меңгеруіне, көп тілдерді игеруіне және сыни ойлай алуына жіті көңіл бөліп отырмыз.  Дейтұрғанмен  де, тұлға дамуының рухани-адамгершілік жағы назардан тыс қалғаны анық болды.

Біздің  оқушыларымыз интеллектуалдық бағытта жақсы дамып келеді, алайда олар айтарлықтай ізгі, әрі мейірімді ме? Олар кез келген сәтте мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайын ба? Неге білім алушы жастардың арасында өзіне қол жұмсау жиілеп кетті? Ішкі рухани әлемі бай жеке тұлғаны тәрбиелеу мәселесін қалай шешпекпіз? Қарапайым ізгі адамды қалай тәрбиелемекпіз?

Осы және өзге де сұрақтарға біз «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, оны басқа да оқу пәндерімен ықпалдастыру арқылы жауап береміз. «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу, педагогтар мен білім беру жүйесі басшыларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау жұмыстары жүргізілуде.

Бағдарламаны жүзеге асыру төмендегі принциптерге негізделеді:

- ізгілік бағыттылығы принципі, ол әрбір тұлғаға құрмет көрсетуге, оның бостандығы мен әлеуметтік құқығын мойындауға негізделген ізгілік идеялары мен бағдарларын алдыңғы  шепке қояды;

-  жалпыадамзаттық құндылықтар принципіне сәйкес «Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұны адамның жоғарғы рухани табиғатының көрінісі ретінде түсіндірілетін мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделеді;

-  әлеуметтік өзара әрекеттестік принципіне қосымша арнайы сабақтан тыс іс-әрекетті  іске асыруға негіздейді, оның негізінде тұлғаның адамдық қасиеттерінің толыққанды дамуы жүзеге асады;

-  ұлттық мұра принципіне сәйкес жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды ұлттық рухани мәдениет негізінде тану  іске  асады;

- табиғатпен үйлесімділік принципі тұлғаның жастық және жеке дара ерекшеліктерін, рухани-адамгершілік дамудағы ішкі қажеттіліктер деңгейін, физиологиялық және психикалық денсаулық ахуалын ескеруді міндеттейді.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру  бағдарламасының мақсатына жетіп, міндеттерінің шешілуі педагогикалық үдерісте білім алушылардың рухани-адамгершілік табиғатын ашуға, ізденістік танымдық іс-әрекет дағдыларын, әлеуеттік қабілеттерін өзіндік дамыту және өзіндік жүзеге асыру дағдыларын дамытуға қолайлы жағдайдың жасалуына тәуелді. Өзін-өзі тану мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарды Адамның шүбәсіз құндылығы ретінде мойындауды, оны өмірді, өзін қоршаған адамдарды сүюге тәрбиелеуді көздейді, адамның жеке абырой сезімін, өмірлік жағдайларға бағдарлану ептілігін, шешім қабылдауға және өз тағдырына жауапты болуға дайындығын дамытуды қамтамасыз етеді.

Инновациялық идеяларды білім беру үдерісіне ендіру оқыту мен тәрбиенің, оқушы мен мұғалімнің бірлескен іс-әрекетін ұйымдастырудың мақсатына, мазмұнына, әдістері мен формаларына жаңашылдық енгізу екенін білдіреді. Сонымен бірге, бұл педагогтардан екі ерекшелікпен айқындалатын, терең кәсіби даярлықты талап етеді:

- теориялық зерделеу, талдау және жалпылау;

- сабақтарды, сабақтан тыс іс-әрекеттерді тәжірибелік тұрғыдан әзірлеу, нәтижелер алу және оларды бағалау.

Білім берудің барлық деңгейіндегі педагогтар (мектепке дейінгі білім мекемеліренен бастап жоғары оқу орындарына  дейінгі), білім ұйымдарының басшылары жергілікті жерлерде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының тұжырымдамалық негіздерін теориялық тұрғыдан зерделеп, тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыруға белсенді қатынасуда. Кез келген инновациялық іс-әрекеттегідей мұғалімдер білімді игеруде, педагогикалық және ғылыми-шығармашылық қабілеттерді толықтай көрсету кезінде қиындықтарға тап болады.

Өзін-өзі тану сабақтарын қалай «жандандырып»,  әрі қызықты өткізуге болады? Өскелең ұрпаққа қажетті «жалпыадамзаттық құндылықтардың рухын» қалай сақтап беруге  болады? Сабақтағы өзара әрекеттестік оқушыларға қарым-қатынас қуанышын сыйлап, ізгілік, жауапкершілік, толеранттылық қасиеттерінің дамуына ықпал етуі үшін оқыту үдерісін қалай ұйымдастыруға болады? Осы және осыған ұқсас сұрақтардың жауабы педагогтар мен ата-аналарды бірдей толғандырады.

Ежелгі ұлы ойшылдардың, бұрынғы және қазіргі ғалымдар мен педагог-гуманистердің еңбектерін пайдалана отырып, өзін-өзі тану педагогтары өскелең ұрпаққа бүкіл адамзатқа деген ізгілік, әділдік, сүйіспеншілік идеясын жеткізеді. Сократ, Шәкәрім, Тереза Ана, Януш Корчак – адамгершілік құндылықтарға толы өмірлік іс-әрекеттің мысалы бола алады. Біз Ш. Амонашвили мен оның  ізбасарларының шығармашылығынан руханият пен адамгершілікті дамыту туралы білімдерді іріктеп  аламыз. Біз өзімізді ізгі істер істеу үшін, қоғамдағы шындық, толеранттылық, жауапкершілік қағидаларын арттыруға ықпал етуге қабілетті, бойымыздағы ізгі қасиеттерді айқындай түсеміз.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру  бағдарламасы ХХІ ғасырдың маңызды мәселелерін шешуге бағытталған: ізгілік пен қайырымдылық, жауапкершілік пен заңға мойынсынушылық, барлық адамдарға деген кішіпейілділік пен құрмет қасиеттерімен сипатталатын, ұлы Абайдың «Адам бол!» қағидасын ұстанатын кемел адамды тәрбиелеу [2].

Олай болса, осы бағытта бірлесіп қызмет жасайық, ізгі ұрпақты тәрбиелеп,  елімізді дамытуға еңбек етейік.

 

Пайдаланған әдебиет:

1   Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» //Егемен Қазақстан  – 18.01.2014.

2   Абай Құнанбаев. Қара сөздер. – Алматы: «Жазушы», 1970.

Добавить комментарий



Комментарии (0)


Этот материал еще никто не прокомментировал.