KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
БІЛІМ БЕРУДІҢ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘДІСТЕРІН ТИІМДІ ҚОЛДАНУ
БІЛІМ БЕРУДІҢ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН  ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘДІСТЕРІН ТИІМДІ ҚОЛДАНУ
08 июля 2015    Автор / «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Шалгынбаева Зафура Кадыровна

Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр. Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үдерісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық инновациялық технологияны енгізуді  міндеттейді.

Осыған орай, Елбасымыздың халыққа жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» деп атап көрсетті. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі – маңызды мәселе. 


Бала жанының бағбаны, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мұғалім ары таза, әдепті, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, ұстамды, өз ойын шәкіртіне анық, дәл жеткізетін  болуы тиіс. Ол үнемі ізденіп, білімін толықтырып отырса, оның өмірлік ұстанымы тұрақты, күш-қуаты, көңілі әрдайым жоғары, сабақ беру сапасы арта түсіп, еңбегі еленеді. Білім берудегі жаңалық пен қоғамдағы жаңалық бір мақсатты көздейді, олар даму мен прогрестің қабілетін арттыруы қажет. Сондай-ақ, Елбасы ХХІ ғасырда ақпараттық қоғам  қажеттілігін  қанағаттандыру үшін білім беру саласында  төмендегідей міндеттерді шешу керектігін атап өтті: компьютерлік техниканы, интернет, коммуникациялық желі, электрондық  және телекоммуникациялық  құралдарды,  мультимедиялық электронды оқулықтарды  оқу үдерісінде  тиімді пайдалану арқылы білім сапасын көтеру. Қазіргі кезде ақпараттық- коммуникативтік оқыту мәселесіне ерекше назар аударылуда.

Жаңа қоғамға жаңа адам керек. Мұндай адамды дамыту – қазіргі заманғы білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет. Мұғалім еңбегінің бүгінгі нәтижесі қандай болса елдің, қоғамның ертеңі, болашағы сондай болмақ. Демек, Елбасының «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген қағидасына сүйенсек, қазіргі қоғамдағы дамудың басты факторлары: білім, ғылым, саяси тұрақтылық екенін, яғни заман өзгергенімен, мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының көтерілуі білімсіз мүмкін емес.

Бүгінгі таңда әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі білім беру жүйесін, білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайтын болды. Білім берудің негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды, іскерлікке  қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам қарқынмен өзгеріп жатқан  қазіргі  заманға  лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында  «Білім беру жүйесінің басты міндеті - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» -  деп атап көрсеткендей, қазіргі кезде әрбір оқытушының  алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі- оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық  үдерістегі технологияны меңгеру. Ал білім беру жүйесінің алдындағы жаңа міндеттердің бірі инновациялық педагогикалық оқыту технологияларын пайдаланып білім сапасын арттыру. 

Сондай-ақ, оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасына мұғалімдердің өзіне ыңғайлы нұсқаны қолдануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім сапасының  алдында  шығармашылық бағытта жұмыс істейтін тың жаңалықтар ашатын ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлғаны дамыту міндеті тұр.

«Өзін-өзі тану» пәнін  оқытуда  білім берудің  озық технологияларын тиімді қолдану білім алушылардың  пәнді жетік меңгеруіне  ықпал етеді. Ал  пәнді жетік меңгерту, оны өз деңгейінде қажеттілікке айналдыру оңай  мәселе емес, сондықтан білім алушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыруда,  олардың бойындағы  қабілеттерді анықтап, ары қарай жетілдіруде, тұлға қабілетін дамытуда қандай  инновациялық технологияларды  қолданған дұрыс?. «Өзін-өзі тану» пәнін  оқытуда  жаңа технологиялар пәннің коммуниктивтік қызметін ескере отырып, оны коммуникативтік танымдық жағынан меңгертуді көздейді. Білімалушылардың пәнге  деген қызығушылығын оятқан кезде ғана шығармашылық  жетістіктерге жетуге болады.  Бүгінгі күн талабына сай алынған терең білім, білік, дағдылар мен құзырлықтың   негізінде еркін бағдарлай білетін, қойылған  мақсатқа танымдық қызмет жасау арқылы жете алатын, өз бетінше дұрыс, тиімді шешімдер қабылдауға  құзіретті  жеке тұлғаны  дамыту. 

«Өзін-өзі тану» пәнін  оқытуда білім берудің озық технологиялары мен  инновациялық әдістерін қолдану өте тиімді.

«Өзін-өзі тану» пәні сабақтарында ақпараттық технология білім алушылардың шығармашылығын талап ететін жоба жұмыстарында қолданыс табады.

«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім бру өте қажет» деп, Ел басы атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үдерісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор.

Білім берудің озық технологияларымен оқытудың негізгі қағидалары білім алушыларға өз бетімен ықпал ету, өзіндік пікірлерін анық жүйелі жеткізе алатын  тұлға дамыту. Сондай-ақ білім алушылардың танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту. Инновациялық технологиялар жүйесімен оқытуда көрсетілетін әдістердің барлығы өзара байланыста қолданылады. Ақпаратты-коммуникациялық жүйемен оқытуда  мультимедиялық презентациялар,  бейнематериалдар  көрсету,слайд-лекция,  слайд- шоу,  электронды оқулықтар, тренингтік компьютерлік бағдарламалар, флипчарттар қолдану  арқылы жүзеге асыруға болады.

Қазіргі уақытта мультимедиялық технологиялар – бұл оқу үдерісіндегі жаңа ақпараттық технологиялардың ең қарқынды дамып отырған бағыттарының бірі. «Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда инновациялық технологиялардың қай түрін алсақ та,  олардың тиімділігі тек қана мұғалімнің шеберлігімен және осы шеберлікті шыңдай түскендігімен ғана жүзеге асады. Сондықтан білім алушылардың ынтасын арттыруға арналған әдістемелік құралдардың жүйесі мен амалдары әр мұғалімнен оларды терең игеруін, іске асыруын және оған сай болатын іскерлікті талап етеді.

Бұл технологияның өзін мұғалім түрліше іске асыруы мүмкін. Бұл жерде технологияны жүзеге асырушының тұлғалық компоненті, белгілі бір ерекшеліктері елеулі түрде әсер етеді, сонымен бірге білім алушының  әрекеті – оның қабылдауы, ынтасы, құштарлығы негізгі рөл атқарады.

Инновациялық білім берудің дамуы оқу үдерісінің  мазмұнына жəне ұйымдастыруына өзгеріс енгізуді талап етеді. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген адами келбеттің дамуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, өзін-өзі жетілдіру оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Қазіргі кезде инновацияның білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелерінің бірі – жаңалықтарды топтастыру. Мұғалім үшін ашылған жаңа әдісті жан-жақты түсіне білу үшін, бұл жаңалықтың басқа жаңалықтардан ерекшелігін, айырмашылығын, артықшылығын көре білу қажет.

Білім беру саласындағы инновациялық технологиялардың басты мақсаты күнделікті өзгеріп жатқан өмірге білім алушыларды  дайындау болып табылады.

Инновациялық технология – мұғалімнің кәсіби қызметін жаңартушы және сатыланып жоспарланған нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін іс-әрекеттер жиынтығы. Педагогикалық технологиядағы басты мақсат – білім алушының оқу-танымдық әрекетін жандандыра отырып, алға қойған мақсатқа толықтай жету. Оқыту процесін жандандыру білім алушылардың оқу материалының теориялық мазмұнын игеру жөніндегі еңбегін тиімді ұйымдастыру және олардың практикалық іскерлік пен  дағдыларын қалыптастыру болып табылады.

Оқу процесінің тиімділігі мен сапасы мұғалімнің әдістемелік дайындығы және сабақ жүргізу тәсілдері мен әдістеріне, инновациялық технологияларды игерулеріне тікелей байланысты болады.

Педагогикалық технология кәсіптік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Оқытудың инновациялықтехнологиясын меңгеру мұғалімнен орасан зор іскерлік пен шығармашылыққа негізделген ізденістерді қажет етеді. Осындай мақсат көздеген жүйелі ізденістер мұғалімнің жаңа технологияны, инновациялық жетілуіне әкеледі.

Қазіргі білім беру саласындағы инновациялық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты білгір маман болу мүмкін емес. Инновациялық технологияны  меңгеру мұғалімнің зейін-зерделік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген ұстаздық келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастыруына көмектеседі. 

Бүгінгі күнгі инновациялық білім беру, оқу және әлеуметтік - тәрбиелік іс-әрекеттің үдерісі  мен нәтижесі, ол жеке адамның және жалпы қоғамның іс-әрекетінің жаңа түрін жоспарлайды және ынталандырады.

Тәуелсіз еліміздің ертеңі-жас ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ойлау қабілеті мен біліміне байланысты болады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.                  Назарбаев Н. Ә., Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім   экономикасына. /Еуразия университеті студенттері алдында оқылған дәріс / Н.Ә.  Назарбаев//Егемен Қазақстан.- 2006.- 27 мамыр.

2.                  Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, 2007.

3.                  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауы, 2012 ж., желтоқсан.

4.                   Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы,  2010 жылғы 7 желтоқсан.

 

comments powered by Disqus