KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
«Өзін-өзі тану» пәні – баланың рухани әлемін байыту көзі
«Өзін-өзі тану» пәні – баланың рухани әлемін байыту көзі
19 июня 2015    Автор / Жармагамбетова А.

Мақала авторы «Өзін-өзі тану» пәні баланың рухани әлемін байыту көзі ретінде қарастыра отырып, оның  халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, ділінен, тағлымдық ой-толғауларынан бастау алатынын  атап көрсетеді.

 Автордың пікірінше, өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын, өз бақытын табуға ұмтылады.  Бұл пән жастардың бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырып,  оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады.

Өзін-өзі тану – адамның өзіне терең мән берудің алғашқы қадамы дей  келе, автор осы айтылғандардың толыққанды іске асуы үшін отбасы мен мектеп тәрбиесі арасындағы ынтымақтастық, тығыз байланыс қажеттігіне айрықша назар аударады.

 



Халқымыздың сан ғасырлық тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктерінен туындаған ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары да мол. Олардың дені қазіргі этика, педагогика, психология ғылымдары тұжырымдарымен қиюласа, астарласып жатады. Осы саладағы рухани мұрамызды осы күнгі ғылым деңгейіне, оның төңірегіне топтастырып, жүйе-жүйесімен талдауға алсақ, бұлардың өзіндік сыр-сипаты айқындала түседі.

«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуді арман етіп: «шыншыл, әділетті, иманды болу - сонау ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз», – дейді де, жұрт сол дәстүрді бұзғандарға ат-шапан айып тартқызып, кейінгі ұрпақтың ата салтын мықтап ұстауын талап еткен. Мәселен, атасы немересін, алдымен, елінің құтты қонысымен таныстырған. Жылдың әр мезгілінде елдің қайда, қалай көшетінін, суды қайдан ішетінін, жеті атасын, олардың зираттарын, елдегі даңқты адамдарының ерлік хикаяларын, ауыл-аймақтағы жер-су атауларын ерінбей-жалықпай баласының санасына сіңіре білген.

Бала атаулының айналаны қабылдағыш, зейінді кезі үш пен бес жас аралығы. Қазіргі педагогика мен психология ғылымдары бұл жайтқа айрықша назар аударып, бұларға «жүз мың сұрақ неліктен деп сауал қоятын кезең» деп айдар тағылып жүр. Осы ерекшелікті әлімсақтан аңғарған ата-бабаларымыз – төкпе ақындық пен сұңғыла жыршылық, айыр көмей шешендік пен төгілдірген күйшілік секілді киелі өнерлеріміздің ірге тасы бала санасында сәби шақта қаланатынын ерекше ескеріп, осынау балдәурен балалық кезеңге айрықша мән берген. Сондықтан да бүлдіршін мен балдырғанға жоғарыда айтқанымыздай елі, жері, суы туралы, ата тегі, төрт түлік мал, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, аспан денелері, табиғат құбылыстары, ауа райы т.б. жөнінде оның түсінігіне лайық, қысқа да нұсқа, жүйелі мағлұматтарды әр түрлі әдіспен жеткізіп отырған. «Бір бала бар – жаcық туады, бір бала бар – әкесінен асып туады» деп, халық «жасық туған» баланы да жұрт қатарлы азамат болуға, «асып туған» баланың іс-әрекетін қуаттап, оны үлгі ретінде уағыздайды. Қазақ дәстүрінде ата-анаға қызмет ету – борыш, ата салтын орындау – парыз, анасының ақ сүтін, әке еңбегін ақтау – қарыз. Жеке адамның адамгершілігі де, кісілік имандылығы да осы борыш, парыз, қарыз өтемімен айқындалады.

Көшпенді ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатысты жайттарды топтастырғанда да ғылым үшін аса маңызды жүйелік принципке ерекше мән берген. Осы айтылғанға орай жас буын тәрбиесін бесіктен (тіпті, құрсақта жатқан кезден) бастап бұларды ақыл-ой, имандылық, еңбек, көркемдік, сымбаттылық секілді сан салаға жұптастырған. М.Әуезовтің: «Ел болу үшін бесігіңді түзе» деген сөзінің мән-мағынасына ой салсақ, тәлім-тәрбие ісі жас ұрпақ дүниеге келгеннен басталады екен.

ХХІ ғасырда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімінің түп тамыры тереңде жатыр. Ол – халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, ділінен, тағлымдық ой-толғауларынан бастау алады. Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын, өз бақытын табуға ұмтылады. Өзін-өзі тану – адамның шындықты өзінше түсіну жағынан қарастыратын ілім, ол өз бойындағы бірегейлікке сәйкес келетін өзінің жеке құндылықтары жүйесін жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесімен ықпалдастыруға бағытталған. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімі – ұлттық құндылықтарды іске асыру мен таратудың маңызды механизмі, өмірдің мәні мен өнегесі, тарихпен, ана тілімен, философиямен, әдебиетпен, дәстүрмен, психологиямен ұштасқан ұлттық-рухани білім мазмұны мен түрі.

«Халықтан асқан ұлы ұстаз жоқ» дейтін болсақ, ұлттық рухани мұралар – ұрпақтың рухани-адамгершілік азығын жетілдіретін негізгі өзегі болмақ.

Рухани байлыққа апаратын жолдың бірі – білім, екіншісі – сол білімді пайдаға асыру. Адам алғаш білімнің құндылығына сүйене отырып, өз ортасын жақсы жағынан өзгертуге әрекет жасайды. Өйткені рухани жетілудің шыңына көтерілген адам өмірдің мәні мен мағынасын жай ғана түсініп қоймай, жер бетінде ізгілік орнатуға күш салады. Қандай да болсын адамдықты, адамгершілікті бетке ұстаған қоғамның мақсаты - әр адамды рухани байлық деңгейіне жеткізу.

Бүгінгі жас ұрпақты оқытып қана қою аз, оны жан-жақты дамыту, жаңаша дағдыларға тәрбиелеу қажет. Әлемдік даму, ғылыми технология адамның ұшқыр ойлы, терең білімді, озық тәрбиелі болуын талап етеді. Сондықтан рухани-адамгершілік тұрғысынан білім беру әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіруді көздейді.

Бүгінгі күні біздің елімізде ұлттық және азаматтық құндылықтардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және дамыту, жеке адамның рухани күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажетті жағдайлардың барлығы да жасалуда. Тәрбиенің басты мақсаты - әр адамның ішкі құндылығын, тұлғалық қасиетін ашып, бағалауға үйрету.

Осыларды ескере отырып, еліміздің мектептерінде 2001 жылдан бері  «Өзін-өзі тану» бағдарламасы саралаудан өткізіліп, оқу жүйесіне енгізіліп келе жатқан еді. Ал 2010-2011 оқу жылынан бастап бұл пән жалпы білім беретін мекемелердің барлығына жаппай енгізілді.

«Өзін-өзі тану» пәні жастардың бойында махаббат, адамгершілік, мейірімділік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, оларды рухани адамгершіліктің нәрімен сусындатады. Өзін-өзі тану – адамның өзіне терең мән берудің алғашқы қадамы. Ойшыл Сократ: «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген болатын, қазіргі біздің «Өзін-өзі тану» пәні Сократ ілімінің үйлесімді жалғасы іспеттес.

Бұл пән жобасының авторы Сара Алпысқызы атап өткендей, «Әр баланың қабілетін ашуы, өзіне жол табуы, өзінің күш-жігеріне сенуі өзінің өмірдегі орнын анықтау үшін өте маңызды! Әлемде махаббат пен мейірімділік аурасын жасай отырып, қарапайымдылық пен махаббат жүректен жүрекке жетуі тиіс», яғни әрбір баланың, ата-ананың жүрегіне жылылық нұрын ұялатуда әрқайсымыздың орнымыз ерекше.

Оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкес өзін-өзі тануға, өзін дамытуға бағытталған жұмыстар мектепте ғана емес, отбасында да ата-аналардың көмегімен жалғасын тауып, өзара ықпалдастық бағытта жүргізілуі керек. «Өзін-өзі тану пәні» жеткіншекті жарық дүниеде өмір сүріп, Адам екенін терең сезінуге, адамдарға қуаныш сыйлай білуге баулиды. Жанында жүрген аяулы адамдардың бар екенін ұғынуға көмектеседі. Адамдардың сезіміне ие болу және оны ақтай білуге үйретеді. Борыш пен парызға адал болуға тәрбиелейді. Артыңда өшпейтін ізгілікті із қалдыра білуге талпындырады. Қабілетіңді, бойындағы дарынды, азаматтығыңды дәлелдеуге итермелейді.

«Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды» демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата-бабаларымыздан қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін, таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей ғасырлар қойнауынан сыр шерткен асыл мұраларымызды рухани-адамгершілік білім беруде тиімді қолдану – «Өзін-өзі тану» пәні бастауы бұрыннан болған, біздің арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан жақсы дәстүрлеріміздің жалғасы іспеттес деуге болады.

«Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаты – адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау, адамдарға қолдан келгенше көмек беру, туыстарына және жақындарына қамқорлық көрсету, рухани-адамгершілік білім беру.

Өзін-өзі тануды жеке пән ретінде 1-11 сыныптардың әрқайсысында аптасына 1 сағаттан оқыту белгіленген. Оқу материалдары жүйеленіп барлық сыныптарда да 4 тарау бойынша беріледі. Олар:

1 тарау: Адамның өзін-өзі тануына арналған.

2 тарау: Адам және қоғам қарым-қатынасына арналған.

3 тарау: Адам және қоршаған орта қарым-қатынасына арналған.

4 тарау: Адамзаттың рухани тәжірибесіне арналған.

Аталған тараулар өзін-өзі тану үдерісінің түйінді бағытыболып табылады, өйткені олар адам өмірінің логикасына, жалпыадамзаттық жүйеге толық сәйкес келеді және жеке тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға, өзін-өзі танып, өзін-өзі іс жүзінде мейлінше көрсете білуге айтарлықтай мүмкіндік береді.

«Өзін-өзі тану» жобасы жалпыадамзаттық және ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға негізделген мемлекеттік эксперименттік білім беру бағдарламасы болып табылады. Бұл жоба еліміздің жетекші педагогтері, ғалымдары, әдіскер мұғалімдері мен тәрбиешілері, жалпы зиялы қауым тарапынан жан-жақты қолдау тапты.

«Өзін-өзі тану» білім бағдарламасының мақсаттары мен міндеттері – балалар, жасөспірімдер және жеткіншектердің бойына жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дарыту. Балалар мен жеткіншектерді біртіндеп (кезеңмен) адами қарым-қатынас нормаларымен, жалпыадамзаттық адамгершілік қағидаттарымен таныстыру, олардың бойында азаматтық мәдениет пен имандылық  қатынастарды қалыптастыру және дамыту.

Бұл білімдер мен біліктер, қабілеттер адамдармен өзара түсіністік пен үйлесімділікке қол жеткізуге, өзге адамдарға дер кезінде көмек беріп, қолдау көрсету қабілеттерін меңгеруге мүмкіндік береді. Рухани-адамгершілік білім баланың, жеткіншектің бойына өзінің жарқын болашағына деген сенімділігін ұялатады.

«Өзін-өзі тану-өмірді тану», - дейді көне грек философы Сократ. Басты мақсат – әр адамның өмірден өз орнын табуына ықпал ету.

Өзін-өзі тану пәні әлемнің ең басты құндылығы – адам және адамның өмір сүруі үшін, бақыт үшін, қуаныш үшін жаралғандығына негізделеді. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына – ұлттық құндылықтарды меңгере отырып, баланы халқының адал ұлы, Адам деген ардақты атқа лайық болуға жастайынан үйрету қоғам талабы болып отыр.

Әр бала өзінің руханилығымен, өзінің тазалығымен және өмірді таза күйінде қабылдай алуымен талантты. Өзін-өзі тану сабақтарында баланың адамгершілік сезімдері, эмоциялары, өзара қарым-қатынастары туралы түсініктері кеңейеді. Балалар үлкендермен және құрбыластарымен жағымды қарым-қатынас жасау мәдениетіне қол жеткізеді, адамгершілік құндылықтар мен адами қасиеттердің мәнін түсінеді, оның Отанына, отбасына, жақын адамдарына, қоршаған табиғатқа, жалпы өмірге деген сүйіспеншіліктері артады.

Ғасырлар бойы қазақ отбасында сақталған тәлімдік дәстүрлер мол. Сол дәстүрлер сабақтастығы бүгінгі бала тәрбиесінде жалғасын табуда. Отбасында және мектепте халықтың рухани-интеллектуалды мұраларын, мәдени құндылықтарын жандандырып, рухани ұлттық сипаттағы мінезді қалыптастыруды көздеу өмірдің талабынан туындап отыр. Осы айтылғандардың толыққанды іске асуы үшін отбасы мен мектеп тәрбиесі арасындағы ынтымақтастық, тығыз байланыс қажет. Бала тәрбиесіндегі осы байланысты жүзеге асырудың дәнекерлеушісі деп «Өзін-өзі тану» пәнін айтуға болады. Сондықтан да әрбір ата-ана отбасында «Өзін-өзі тану» пәнінің оқулығын қолға алып, онда айтылған тағылымдар мен құндылықтарды балаларының оқып-үйренулеріне ықпал етулері керек.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. «Самопознание kz» журналы:. №8 июль 2011 (25-29 беттер).

2. «Самопознание kz» журналы. №7 (19) июль 2011 (25-27 беттер)

3. «Жантану» оқулығы

4. www.ustaz.kz  сайты.

5. «Самопознание kz» журналы: №3 август 2011 (30-32 беттер)

comments powered by Disqus