KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - уроки
Жарқын өмір игілігі - жақсылық
Жарқын өмір игілігі - жақсылық
23 июня 2014    Автор / Ж.Мұханбетқалиева, «Өзін-өзі тану» пәнінің оқытушысы, Батыс Қазақстан облысы

Кіріспе сөз: «Өзін-өзі тану» - нағыз адам болудың сыры мен қырын үйрететін пән. Нағыз адам болу - Отан алдындағы борышыңды өтеу, адами қарым-қатынасың, қоршаған ортамен үйлесімділігің. Мақсаты: Білім алушының өзін дұрыс түсінуіне, дарындылығы мен қабілеттерін дамытуға, өмірдің мәнін ұғынуға және өмірден өз орнын таба білуге көмектесу. Өзін-өзі тану адамның бойында өзін сыйлай білуге, ойын еркін жеткізуге, өмірдің қиын жағдайында дұрыс жол табуға, жеке шешім қабылдауға және өз тағдырына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Э.Хемингуй: «Әрбір адам қандай да бір іс үшін туады. Жер басып жүрген әрбір адамның өмірде өз міндеттері бар», - деп айтқандай, әрбір адам өмірге келгеннен кейін оны артында ізі қалардай мәнді өткізе білуі қажет. Сондықтан да адамның танымы неғұрлым биіктей берген сайын, дүниенің көкжиегі де соғұрлым кеңейе бермек. Мақсаты: Оқушылардың жақсылық, қайырымдылық, ізгілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту. Міндеттері: • Адамдар арасындағы жақсылық, ізгілік ұғымының мәнін ұғындырып, осы адами қасиеттердің бәрі ананың ақ сүтінен тарайтындығын түсіндіру; • Айнала қоршаған адамдарға тілеулес, ізгі ниеттерін дамыту; • Жауапкершілікке, өзін-өзі тани білуге тәрбиелеу; Қолданатын әдіс-тәсілдер: Пікірлесу, сұрақ-жауап, кестелер т.б. Көрнекіліктер: Мультимедиалық құрылғы, жүрекшелер, домалақ жіп, әуен т.б. Көрнекіліктер: Мультимедиалық құрылғы, жүрекшелер, домалақ жіп, әуен т.б. Шаттық шеңбері. Мұғалім оқушылармен сәлемдесіп, шаттық шеңберіне шақырады. Мұғалім: - Сәлеметсіздер ме, балалар, мен сіздерді көргеніме қуаныштымын, ортаға шеңбер құрып тұра қалайық. Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: «Жарқын өмір игілігі - жақсылық» деп аталады. Біз сіздермен жақсылық, қайырымдылық, ізгілік құндылықтары жайлы әңгімелесеміз. Қазір қолымдағы жіптің ұшын өзім ұстаймын да, келесісін екінші адамға беремін, ол адам келесі адамға лақтыру арқылы жалғастырып, «Өмір игілігі неден тұрады ?» деген сұраққа жауап береді. Әр адам өз ойын айтады. Хормен: Жақсылық - күннің шуағы, Өмірді сәнді қылады. Шуақ шашқан сәулесі, Нұрын шашып тұрады. Әңгімелесу Мұғалім: - «Жақсылық» ұғымының мәні неде? - «Жақсылық» ұғымының «Достық», «Махаббат» т.б. адамгершілік құндылықтарының қалыптасуындағы орнын анықтаңыздар. - «Жақсылық» ұғымының антонимін табыңыздар және оның адамға, адами қарым- қатынасқа зияндығын атаңыздар. Оқу ақпараты: Оқушылардың әңгімелесу барысындағы жауаптарын негізге ала отырып, төмендегі оқу ақпаратымен қорытындылаймыз. Жақсылық жасау - адамның адамының ғана қолынан келеді. Өйткені ол мейірімділіктен, қайырымдылықтан, қамқорлықтан, махаббаттан, ізгілік пен игіліктен тұрады. Осының барлығы бойынан табылатын адам нағыз адам болып табылады. Жақсы ниет жақсылық боп оралар, Жақсы пейіл күн нұрына барабар. Жақсы сөздер жан шуағы секілді Өн бойында қуат болып таралар. Мәтінмен жұмыс. «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, мына бір мәтінге көңіл аударайық. Адамның бойындағы жақсы -жаман қасиеттердің бәрі анадан, ана арқылы нағашыдан дегенге мен де қосыламын. Өйткені инсани қасиеттердің көбісі - ананың тілі, ананың мейірбандығы, ананың махаббат сезімі, ізгілігі мен ізеттілігі, ақ көңілі мен адал ниеті - бәрі-бәрі адамға ана құрсағында жатқанда-ақ түйіндеп, бүршік жарып, ананың ақуыз сүтімен бойға сіңіп, болмысына тарап қалыптасатынын ең білікті ғылым салалары да дәлелдеп отыр. Атам қазақта ананың осы бір абзал қасиеттерін ертеден білген. Аталарымыздың әйелді текті жерден алуға соншама мән беруінде де бір сыр болганы ғой. Бұл талап, ең алдымен, болашақ ұрпақтың сай тасындай да саңлақ болып өсуінің қамы болса керек. «Анадан - қасиет» деудің мәнін ұрпақ жалғастығынан іздеу керек екен. Батыр да, бағлан да, көсем де, шешен де, данышпан да - бәрі-бәрі анадан. Сондықтан да болар-ау, атам қазақ ана парызын әке парызынан әлдеқайда жоғары қояды. «Анаңды көтеріп, Меккеге үш барып, үш келсеңде, перзенттік парызыңнан құтыла алмайсың» деудің өзі - «анага мәңгі бақи қарызсың» дегенді аңғартпай ма? Әркім өз анасымен мақтанады, оны мақтайды, мадақтайды. Мен де ел сияқты анаммен мақтанамын, тұла бойымда титімдей ізгі қасиет болса, оны сол анамнан ауысқан деп білемін.... (Ә.Қайдар) Мәтін оқылып біткен соң төмендегі сұрақтарға жауап беру арқылы талдаймыз: • «Мейірімділікті анадан үйрен» дегенді қалай түсінесіздер? • Анаға қандай қасиеттерді қосып айтады? • «.... жақсылық .... атаулының бәрі ананың ақ сүтінен тарайды» деген пікірге өз ойыңызды білдіріңіздер. Ана деген өмірдің мәні емес пе? Ана деген өмірдің сәні емес пе? Ана деген өмірдің мағынасы, Ана деген өмірдің әні емес пе? Нәзік жанды аналарды аялаңдар, Қамқоршы боп, әркез көмек аямаңдар. Бағалы қазынамыз - аналарды Биік қойып, жоғары бағалаңдар!

comments powered by Disqus