KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
Адам мен табиғаттың даму заңдары – тұлғаның өзін өзі тануы мен дамытуының негіздері
Адам мен табиғаттың даму заңдары – тұлғаның өзін өзі тануы мен дамытуының негіздері
18 июня 2014    Автор / К.Ж. Қожахметова педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Қазіргі күндегі  тәрбиенің негізгі мақсаты – тәрбиесі мен дамуы еркін,  адамгершілікті мінез-құлық пен шығармашылықты  іс-әрекет етуге дайын сабырлы және ымырашыл ойлауды меңгерген, қоғам және табиғат жөнінде ғылыми бай білімді  тұлға.  Бұл  мақсатқа  тұлғаның өзіндік еңбек  жасамайынша қол жеткізу мүмкін емес. Дәл бүгінгі күндері тәрбие қысыммен болмайды, баланың өзі қатыспайынша, тәрбие жоқ, ол өзін-өзі ұйымдастырып,  өзі міндет қойып, өзі әрекет ететін дамыған тұлға-тәрбие субъектісі – деген идеялар  өзектілене  түсуде.  Міне сондықтан да  тұлғаның өзіндік әрекеті мен оның өзін -өзі тәрбиелеуі – тәрбие жұмыстарының маңызды аспектілерінің бірі.

Адам жер бетіндегі жан иелері сияқты белгілі бір заңдар бойынша өмір сүреді, еңбек етеді, дамиды, жетіледі. Заңдар адамдар талап-тілегіне бағынбастан объективті  түрде  жүзеге асырылады.

Қазіргі адами білімнің негізгі идеялары төменгі заңдарға сүйене отырып түсіндіріледі. Олар адамды табиғаттың бөлінбес бөлшегі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, сондықтан ол заңдарды меңгеру арқылы тұлға өзін өзі танып, өзін дамытудың басты шарттары мен тетіктерін тиімді пайдалануға үйренеді.    

Өмір сүру заңы. Барлық жан иелері өзара байланысты, тірі жандар бір-бірінің арқасында өмір сүреді. Өмір – қастерлі, ал табиғат – біздің үйіміз. Табиғатпен адамның үйлесімділігі, оның өмірінің мақсаты, мәні, рухани дамуының қайнар көзі.

Бұл заң қоғамдық жүйелердің  іске асырылуына  да  қатысты. Жер бетінен өсімдіктер мен жануарлар жойыла бастағанда адам кедейленеді, рухани таяздайды, ал елдер мен мемлекеттің, халық пен нәсілдер жойылғанда кедейлік тіпті меңдейді. Кез-келген қоғам қырып-жоюмен байымайды, бірігіп еңбек етумен, серіктестікпен, бірігумен көркейеді.

Тірі және өлі табиғаттың, биосфера және ноосфераның  бірігу заңы. Адамдар Антей тәрізді туған жерден күш   алып, шабыттанады. Бірақ, табиғаттан ала отырып, оған өсімімен бере де білу керек. Адам қолы арқылы жер адам қолы тимеген  кездегіден де көбірек  беруі шарт. Адамдар мәдениетті өз қолымен жасауға аса   жауапты. Ғылым адамзатқа зиян жасауға пайдаланылмауы тиіс. Адам денсаулығына зияны бар нәрсені жасаудың бәрі – қылмыс.

Тепе-теңдік заңы. Барлық жанды нәрселер өмір мен өлім арасында өмір сүреді. Жердегі өмір жансыз материялардың алапат қақтығысынан пайда болды; мәңгілік болып көрінгенімен де ол нәзік; әртүрлі болып бөлінгенімен ол тұтас; онда өмір үшін күрес пен өзара байланыс шиеленіскен түрде; оның жаралуы бар, соңы да болады. Табиғаттың катаклизмдерінен, галактикалардың соқтығысынан немесе күннің әсерінен жер жоғалар болса, оның жөні басқа. Ал, жер бетіндегі өмірді гүлдендіру кезеңінде жеңіл ойлауға жол берушіліктен күйресе, ол басқа…

Басқа қажеттіліктерді іздей жүріп, жоғалтып алуымыз   мүмкін.  Жоғары мүдде   бұл -  Өмір. Осыны есте сақтаған жөн.

Биосфера - өмір бар жердің бетіндегі және атмосферадағы жұқа қабық.

Ноосфера – адам әрекеті саласы; басқаша  техносфера, антропосфера, социосфера

Табиғи  салдарлар заңыЖамандықтан жамандық шығады, жақсылық жақсылықты  көбейтеді. Басқаға жамандық ойлап, қатал да рақымсыз бола отырып, жақсылық күту дұрыс болмас. Адамзаттың табиғатқа, әлем мәдениетінің рухани құндылықтарына жасаған қылмыстық әрекеті жер бетіндегі өркениеттің күйреуіне әкеліп соғуы   мүмкін.

Қауіпсіздік заңы. Адамға, табиғатқа, қоғамға зиян болатын әрекет жасауға   болмайды.  Көне Грек елінде «Зиян келтірме!» деген дәрігерлік ұран болған. Бүгінде ол жалпыға ортақ заң. Қауіпсіздік заңы – баянды болашақ жолындағы өмірлік күрестің жақсылық жағына тірек және сенім. Қауіпсіздік заңы ел, халық, қоғамдық жүйелер қарым-қатынасына ықпал етеді.

Өмірдің дәстүрлі емес даму заңы. Барлық тіршілік өзінше дамиды. Егер бұл ерекшелік табиғатта және қоғамда өмір дамуының негізгі бағыттарымен сәйкес келсе ғана мақсатты. Бір жүйені екінші жүйе дәстүрлі емес   түрде  ауыстырады, әр халық мұны өз бетінше жасайды.

Белсенділік заңы. Белсенділік заңына сәйкес, тірі жүйе тек  өзінің өміршеңдігі мен белсенділігінің арқасында өмір сүреді, қызмет атқарады, дамиды. Белсенділік жоғалғанда адам өмірі бітеді де,  қоғам да  күйрейді.

Өмірдің бағыттылық заңы. Барлық жан иелері саналы немесе  санадан тыс қандай да бір мақсатқа ұмтылады. Біздің қай-қайсымызда да өмірлік бағдарлама бар: өзімізден құрмет пен сенімге лайықты басқалардың  махаббаты мен таңдануына  тұрарлық  талантты шығармашыл адам жасау.

Шұғылданатын іс-әрекетте тұлғаның даму заңы. Тұлға таниды, дамиды, қалыптасады. Және кездескен қарым-қатынас пен іс-әрекеттерде өзін сомдайды.

Тұлға мен ұжымның бірлесе қалыптасу заңы. Тұлға мен ұжым бірге өзара ықпалдастық жолымен дамиды. Ортақ істе өз жолдастарымызды тәрбиелей отырып, біз өзімізді де тәрбиелейміз.

Дамудың қалыпсыздық  заңы. Барлық адамдар даму мен қалыптасудың жалпы кезеңдерінен өтеді, бірақ, өту ырғағы әр түрлі. Дамудың қалыпсыздығын  кез келген жаста,  әркімде де  кездестіруге болады. Бұл жөнінде әр адамның өмір кезеңінде бір нәрсеге қолы жетпей қалуы, ақылдың кемшіндігі, мақсатқа жетуге міндетті дұрыс қою мүмкіндігіне қабілетсіздік танытуы, бірақ, бүгін орындалмаған нәрсе сәті келгенде бәрі мүмкін болатындығын білу маңызды. Әркімде де бұл  әр түрлі   болады.

Жалпы және жеке дамудың өзара байланыс заңы. Балалық шақтағы жалпы даму (есте сақтау, зейін, ойлау, сөйлеу) даралық дамуды   анықтайды. Бірақ 12-13 жаста  жыныстық жетілу кезеңінде жалпы даму даралық  дамудың   қарқынына   тәуелді  (нышандар, дарыны, қабілеттері  т.с.с.).

Бұл жаста жалпы мәдениетті көтеру үшін өзіндік білім мен өзін өзі тәрбиелеуді пайдалану қажет, өйткені  12 жастан бастап баланы қажет етпеген нәрсесіне күштеп тәрбиелеуге болмайды.

Тұлға – тәрбиенің объектісі және субъектісі. Адам ата-ана, мұғалім, бұқаралық ақпарат құралдары және тағы басқалардың ықпалымен ғана тәрбиеленбейді, өзін өзі де тәрбиелей алады. Поляк ағартушысы Януш Корчак айтқандай, баланың өзі қатыспайынша, тәрбие жүзеге аспайды.

  Адамгершілік-рухани тәрбиені жүзеге асыруда  жоғарыда аталған  заңдардың  маңызы өте зор екені айтпаса да түсінікті.  Дей тұрғанмен,  бұл заңдардың ықпалын  күшейтіп, тәрбиенің сапасын  көтеруге ықпал жасайтын  төмендегі педагогикалық  ұстанымдарды да ескермеуге болмайды, олар:

- Әлеуметтік өзара әрекеттің тиімділігі ұстанымы

- Тұлға біліктілігінің әлеуметтік және мәдени дамуына тәрбиені шоғырландыру ұстанымы

-  Мәдени сәйкестілік ұстанымы

- Табиғатқа  сәйкестілік ұстанымы.

- Даралық  және жас ерекшеліктерін ескеру  ұстанымы.

- Этникалылық ұстанымы.

- Көпмәденилік ұстанымы.

- Жалпы адамзаттық және ұлттықтың диалектикалық бірлік ұстанымы.

- Адамдағы әлеуметтік және биологиялықтың диалектикалық бірлігі ұстанымы.

Өзін-өзі тәрбиелеу өзін-өзі танудан басталады. Өзін-өзі тану - өзін-өзі тәрбиелеудің қажетті қыры және алғы шарты. Өзіндік таным адамға не және қалай өзгереді, қандай сапалар табысты немесе сәтсіз тәрбиеленеді деген ақпараттарды  береді. Өзіндік таным – өзіңе өзіңнің қарым-қатынасың және өзіңді  білуіңнің  біртұтастығы.  Өзіндік танымның негізгі шарты тұлғаның белсенді әрекеті болып табылады.

Өзіндік таныммен  бірге  өзін-өзі тәрбиелеудің ішкі алғы шарты  өзіндік сана болып  табылады.  Өзіндік танымның үш негізгі жолы бар: іс-әрекет нәтижелерінің өзіңде  бар жағымды және жағымсыз сапалармен  байланысы, басқа адамдармен өзін салыстырып көру және өзі туралы өзінің пікірі және басқа адамдардың өзі туралы пікірлерін салыстыру  (сын мен өзіндік сынның үйлесуі).

Өзін-өзі қабылдау – тұлғаның әлеуметтік денсаулығы  үшін  аса  маңызды  психологиялық негіз.  Өзін-өзі қабылдау  өз болмысының  нақтылығына,  заңдылығына  және өз жауапкершілігіне  сенім ретінде болады. Бұл позитивті “Мен-тұжырымдамалы”   тұлға,  ол  өзі қандай болса, өзін сол қалпында  қабылдайтын, соған қанағаттанатын, қарым-қатынас пен өзара  әрекетке  дайын,  ішкі емес,  сыртқы проблемаларға   көңіл аударатын, сондықтан да  белсенді,  жасампаз,  конструктивті  тұлға. 

comments powered by Disqus