KZ

Главная страницаПедагогическая мастерская - статьи
«Өзін-өзі тану» - шығармашылық пен рухани-адамгершілік құндылықтарды зерделеудің жетекші бағыты
«Өзін-өзі тану» - шығармашылық  пен  рухани-адамгершілік құндылықтарды зерделеудің  жетекші  бағыты
18 июня 2014    Автор / Г.Т. Токкулова, п.ғ.к, Р.Ж.А. профессоры, А. Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Тәуелсіз мемлекетіміздің, дархан халқымыздың болашағы – қазіргі жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мен білімдарлығына, саналылығына тікелей байланысты екендігі баршаға аян. Сондықтан білім беру аясында жеткіншектердің ішкі әлемін рухани тұрғыда байыту міндеті туындайды. Мұның шешімін іздестіруде рухани-адамгершілік тәрбие беру ерекше қызмет  атқарады.

Білім беру саласындағы осындай бүкіләлемдік өзгерістер аясында С.А.Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» атты білім жобасының өзектілігі мен кезек күттірмес қажеттілігі айқын аңғарылады. «Бөбек» қоры Президентінің бұл бастамасы Қазақстан Республикасында білім беру үрдісінде рухани-адамгершілік  тәрбиеге екпін беретін, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін  руханият дәуіріне жаңа қадам ретінде қабылданып отыр.

Қазақстан халқының өзіндік болмысына сай жас ұрпақты руханият әлеміне енгізу арқылы оның жан-жақты қабілеті мен мүмкіндігін оятып, өзін-өзі тану арқылы оны толық ашуына жағдай жасайтын өзгеше қазақстандық білім беру үлгісін қалыптастырудың да ұлттық мәселесі орайлы шешімін табады.

Жалпыадамзаттық құндылықтар болып саналатын адамгершілік мұраларды, рухани ағартушылық қасиеттерді бүгінгі ұрпақтың меншігіне айналдыру, ата-бабаларымыздың дәстүрлері мен тәжірибелерін үйрену аса маңызды. Ендеше әлемдік өркениетке өзіміздің төл құндылығымызбен олжа салуға мүмкіндігіміз мол екендігін, ұлттық рухымызды сыбағалы үлесі бар екендігін ескеру керек. Жеке тұлғаның бойына имандылық нұрын ұялатуға «Өзін-өзі тану» бағдарламасы үлкен әсер етеді деп айтуға болады. Өйткені бұл интегралданған бағдарлама. Оның тұжырымдамалық негізіне философия, педагогика, психология ғылымдарының әдіснамалық ұстанымдары енген. «Өзін-өзі тану» курсы арқылы жан-жақты дамыған, рухани адамгершілігі мол, бір-біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын өмір сүруге деген құштарлығы жоғары жеке тұлғаны тәрбиелей аламыз.

«Өзін-өзі тану» бағдарламасында адамның рухани-адамгершілік дамуы, өркендеуі тәрбие мәселесімен бір контексте қарастырылады. «Өзін-өзі танудың» қайнар көзі – өзін-өзі тәрбиелеуден басталады. Аяушылық, аяныш-адамға тән керемет қасиеттердің бірі. Аяныш бар жерде тазалық та пәктік те, жанашырлық та бар. Отбасылық қатынастардың дүниеге әкелетін ғашықтық сезім болғанымен, оны нығайтатын, босағасын берік етіп, шаңырағын биіктететін адамдардың бір-біріне деген аяныш, сыйластық, риясыз көңілдері.

Рухы жоғары адам ғана тірліктің қиыншылығымен тұйықталып қалмай, өзгенің адамгершілігін құрметтеп, оған ілтипатпен қарап, көмектесуге бейім болады. Сондықтан жас ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, көркемдік әлемін байытуда, дүниетанымын қалыптастырып, салауаттылыққа тәрбиелеуде «Өзін-өзі тану»  курсының орны ерекше.  Өйткені «Өзін-өзі тану» бағдарламасы-ның негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны біліп, өзінің ішкі жан-дүниесіне үңіліп, өзін-өзі басқару негізінде адамгерішілік-рухани әлеуетін көтеру мәселесі жетекші міндеттерді атқаруы тиіс деп саналып отыр. Сол себепті қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе тұлғаны адамгершілік-рухани тұрғысынан дамыту, ар-ұятымызды молайтып, адамгершілік қасиетімізді жетілдіру арқылы ізгілікке, инабаттылыққа парасаттылыққа үйрету.

Бүгінгі қоғамдық құндылықтардың үлкен өзгерістерге ұшырауы тәрбие үрдісін күрделендіріп жіберді. Көрнекті психолог С.Л.Рубинштейн  айтқандай, «Оқыта отырып біз тәрбиелейміз, тәрбиелей отырып біз оқытамыз». [1]  ХХ ғасырдың ұлы ойшылы, неофрейдизмнің ең көрнекті өкілі Э.Фром жазғандай, қоғамдағы өлшемдер сол қоғамның мүшелерінің мінезін, яғни әлеуметтік мінезін тудырады. [2]   Нарықтық қатынас «нарықтық мінез» қалыптастырады. Мұндай жағдайда рухани құндылықтарды уағыздау тәжірибеде оған тікелей қайшы құндылықтарды жүзеге асырып жатқанда онша үлкен нәтиже бермейді дейді ғұлама ойшыл. Олай болса, жастарды рухани-адамгершілік рухта тәрбиелеу жас ұрпақтың бойында жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру, оларды бала күнінен соған тәрбиелеу адам шыр етіп жерге түскеннен бастап, қолға алынғанда ғана мүмкін болады. Әлеуметтік мәдени бейімделу тіршіліктегі таза ізгілікті, адамгершілік қатынастарды жасауға, әлеуметтік ортадағы жеке адамның бойында жақсылықтарға бағытталған жүйе қалыптастыруға байланысты. Аталған жүйені ұйымдастырудың тиімді формаларын іздестіру барысында дүниеге келген «Өзін-өзі тану» курсы Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесін жаңа дүниетанымдық тұрғыдан негіздеген интерактивті әдістемелік форманы айқындап берді.

Бүгінгі таңда еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындары «Өзін-өзі тану» бағдарламасында көрсетілген осындай ұлағатты дүниетанымды қалыптастыруды болашақ тәрбиешілер мен мұғалімдерді даярлау үдерсінде жүзеге асыруды мұрат етіп отыр. Барлық жоғары оқу орындарында жүргізіле бастаған «Өзін-өзі тану» пәні бүгінгі қүні ұрпақтың жан-жақты үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар даралық және жеке тұлғалық ұғымдарын түсіну, жеке тұлға ретінде өзін-өзі тануы және өмірлік мәнді ұстанымын, дүниетанымдық деңгейін анықтайтын құндылықтар сапасына ие болуға бағыт-бағдар береді.

«Өзін-өзі тану» сабақтарында жастардың өзінің ішкі әлеміне терең бойлау арқылы рухани-адамгершілік тұрғысынан кемелденуін, рухани тағылымын меңгеруін, өзін-өзі жан-жақты зерттеуін, түсінуін, бойындағы құндылықтарды бағалай білуін, өзінің жалпыадамзаттық құндылықтар кеңістігіне қатыстылығын түйсініп, өмірден орындарын табуға және өз күштеріне сенетін, жан-жақты, жаны мен тәні үйлесім тапқан жандар ретінде қалыптасады. Адамгершілік-рухани тұрғыдан дәріс алған студенттер өмірлік маңызды құндылықтар жүйесін зерделейді, рухани және материалдық арақатынас мәселесін пайымдай отырып өзіндік көзқарастарын шыңдай түседі. Осы сабақтарда студенттердің іштей және сырттай дамуына, жетілуіне жағдай жасалады, өзара түсінісу, өзара  қарым-қатынастары жеке ашылып нығаяды, адамға жақсылық жасау ниеті артады. «Өзін-өзі тану» сабақтарында студенттер руханият әлемімен жан-жақты толық танысады, ақиқатты анықтайды, философиялық ой-өрістері кеңейіп, өмірдің мәніне қатысты құндылықтарды: махаббат пен жанашырлықты, адамның бас бостандығы мен жеке бақыты мәселесін, қиянат жасамау, имандылықты, инабаттылықты игеріп, жаңаша бетбұрыс жасауға әрекеттенеді.

А.Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Бастауыш оқыту теориясы мен әдістемесі» кафедрасы жанында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін оқушылардың өзін-өзі танып білуіне мүмкіндік беретін оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға даярлау жұмыстары С.Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» бағдарламасының негізгі ұстанымдарын есепке алуда. Классикалық психология және педагогика ғылымдарының теориялық негіздерімен бірге, қазақ халқының этнопедагогикалық тәлім-тәрбие жүйесінің мол мұрасын пайдаланылуда.

 Халықтың дәстүрлі тәрбие жүйесінде адам бойындағы рухани күштің оянуы ғана жеке тұлғаның өзіндік шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуына қолайлы жағдай туғызатын үлкен потециал жинақталған. «Педагогика тарихы», «Этнопедагогика», «Тәрбие жұмыстарының әдістемесі» пәндерін оқыту барысында қазақ халқының бала тәрбиесіндегі өзін-өзі тәрбиелеу мен қайта тәрбиелеу, яғни тұлға қалыптастырудың бүкіл жетекші салаларын қамтитын аса бай мұрамен танысу-болашақ мамандардың өзіндік таным бағытындағы ізденістерінің негізгі қайнар бұлағы болары сөзсіз.

«Жан шуағы» атты жағымды ой қалыптастыратын көріністер онда қарама қайшылықтар арқылы баланың бойына ізгіліктер мен қайырымдылық қасиетінің дәнін себуде маңызы үлкен.

Бұл сабақтарды дайындауда, аталған өзекті сұрақтарға жауап іздеуде, біз ең алдымен халық ауыз әдебиетіне, ондағы ғасырлар қойнауынан сұрыпталып жеткен асыл-ой маржандарына сүйендік. Атап айсақ, олар – Бөлтірік шешен, Майқы би, Майлықожа би, Қаз дауысты Қазыбек би бабаларымыздың халық ауызында сақталып келген бата-өсиеттері және Шәкәрім мен  Абайдың жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні өлшеусіз мұралары. [3] 

Бөлім материалдарында  қосымша сұрыпталған хрестоматия  материалдары да, студенттердің өз бетімен жұмыс істеуі үшін дайындалған дәптерлік тапсырмалар да осы негізгі желіге сай құрылды. Тақырыптардың алдына қойылған міндеттердің осылайша халықтық педагогика негізінде шешілуі, біздің ойымызша студенттердің жүрегіне, ой-санасына жетерлік бірден бір жол. Себебі, әл-Фараби бабамыздың пікірінше, бір халықтан табиғи үш қасиетімен ерекшеленеді: болмысы, мінезі және тілі. [4]   Сондықтан бізде осы үш қасиеттің бәрі де бойында бар халық ауыз әдебиет үлгілері қазақ студенттерінің жанына жақын да түсінікті деп есептедік.

Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының мазмұнында ескеріліп, көзделген эмоционалдық тұрғыдағы ауқымды жүргізілген алуан түрлі іс-әрекеттер студенттердің адамгершілік рухани дамуының негізін қалауға және өмірлік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл білім мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балалардың бойында ең басты қажеттілік өзін-өзі дамытушылық қажеттілігін қалыптастыруы тиіс. «Өзін-өзі тану» бұл тек студенттердің өзін ғана танып, білуімен ғана шектеліп қоймайды, оның мазмұны тереңде. Сол себепті де «Өзін-өзі тану» курсының бүгінгі таңда барлық адамзат үшін маңыздылығы өте зор.

Қай қоғамда, қай мемлекетте болсын, қарым-қатынас адами құндылықтар, оның ішінде адамгершілік құндылықтар қалыптастыру кез-келген тәрбие ошағының міндеті болса, студенттердің өзін тануына, басқаны тануына, тұлғаның  жан-жақты дамуына «Өзін-өзі тану» пәні зор ықпал етеді.

 

comments powered by Disqus